Аяқталмаған Шу — Бурылбайтал тас жолы ашылып, ақылы болды

Аяқталмаған Шу — Бурылбайтал тас жолы ашылып, ақылы болды

Трасса бір айдан бері ақылы. Мердігерлерге айыппұл салынуға тиіс, кемшіліктер әлі бар.

Жүк көлігі мен автобус үшін Шу — Бурылбайтал жолы биыл 13 мамырдан бастап ақылы болды. Қазір бұл трассамен бір бағытта жүру құны көлік категориясы мен төлем тәсіліне байланысты 1000-6000 теңге аралығында. Бірақ жол кемшіліктерге қарамастан қолданысқа берілген. Бұл Шу аудандық сотының шешімінен кейін анықталды.

Іс материалында тексерушілер Шу қаласындағы Сейфуллин көшесінде, яғни Шу — Бурылбайтал трассасының бас жағында құрылыс аяқталмағанын биыл ақпанда анықтады деп жазылған. Сәуірде ақылы жолды тексерген жол полициясы құрылысшылар бұрынғы ескертуді елемегенін, жаңа кемшіліктер пайда болғанын көріп, 29 сәуірде 22 ереже бұзу фактісін тіркеген және 5 мамырға дейін түзеу туралы нұсқама берген.

Полиция қандай кемшіілк тапқаны белгісіз, бірақ сот қаулысында мердігердің ақша жетпеген соң (30 млн теңге) жол белгісін қою мүмкін болмады деп ақталғаны жазылған. Бұдан түйгеніміз, жұмысшылар трассаға асфальт төсегенмен белгі, тақтайша орнатуды «ұмытып кеткен» сияқты. Жол таңбасын да дұрыс сызбаған шығар. Жауапты мекеме соттан жазадан босатуды сұрап, кем-кетік жерлерін түзеуге уақыт беруді өтінген. Бірақ материал сотқа биыл 15 мамырда, яғни полиция ұйғарымда көрсеткен мерзімнен 10 күн өткен соң жолданыпты. Демек, атқарушыда бастаған ісін аяқтауға жетерлік уақыт болды.

Ең бастысы, Көлік министрлігінің «Шу — Бурылбайтал республикалық маңызы бар жалпыға ортақ автомобиль жолын (жол учаскесін) ақылы негізде пайдалану туралы» бұйрығына 2 мамырда қол қойылған. Сонда шенділер әлі дайын емес жолда ақша жинауға рұқсат берген бе?

Ақырында құрылысшылар Әкімшілік кодекстің 462-бабы, 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылды, енді 500 АЕК (1 966 000 теңге) айыппұл төлейді. Сот шешімі 2 маусымда шыққан, жол жөндеушілер келіспей, бірден шағымданды. Процесс аяқталмағандықтан трасса әлі толық жөнделмегені анық. Оған уақыт та, ақша да жоқ.

Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті Kolesa.kz редакциясына мәселенің мән-жайын түсіндіруге уәде етті.

Комментариев: 0

Чтобы оставить комментарий, вам необходимо зарегистрироваться или авторизоваться.